








Өзбекстан Республикасының Сот төрелігі академиясының базасында «Цифрлық сот төрелігі: халықаралық стандарттар, ақпараттық қауіпсіздік және адам құқықтары» тақырыбында халықаралық оқу курсы ұйымдастырылды. Форум жұмысына Әзербайжан Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның және Түрік Республикасының өкілдері қатысты.
Халықаралық алаңда Қазақстан Республикасының атынан келесі делегаттар қатысты: А.Ш. Айтуарова – Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі; Т.С. Нұрышева – Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының Мемлекеттік-құқықтық пәндер ғылыми-білім беру орталығының директоры және Т.К. Бурбаев – аталған Академияның профессоры.
Курстың білім беру бағдарламасы құқықтық ортаға озық технологияларды интеграциялаудың өзекті мәселелерін зерделеуді қамтыды. Сарапшылар халықаралық құқықтық стандарттарды, сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін, цифрлық криминалистика мәселелерін, сондай-ақ киберқылмыстардың алдын алу және анықтау әдістерін талқылады. Сот процесінде цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеу тәжірибесіне ерекше назар аударылды.
Оқыту форматы теориялық модульдерді практикалық сессиялармен және интерактивті пікірталастармен ұштастырды. Мұндай тәсіл қатысушыларға сот-құқықтық саланың ағымдағы трендтеріне терең талдау жүргізуге және озық тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында делегаттарға бағдарламаны сәтті аяқтағанын растайтын халықаралық сертификаттар табыс етілді.