

2026 жылғы 23 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының профессоры А.Ә. Биебаева, сондай-ақ 2-ші қазақ тобының магистранттары Музыкалық жас көрермен театрының Дулат Исабековтың аттас повесті бойынша қойылған «Гауһартас» спектаклін тамашалады. Қойылым актерлік ойын, музыка және хореография сияқты көркемдік мәнерлілік құралдарын үйлестіре отырып, қазақ әдебиетінің белгілі туындысын сахнада сомдайды. Дәуірдің атмосферасы мен кейіпкерлердің ішкі дүниесі көрермендерге Шәмші Қалдаяқовтың танымал әндерінің көмегімен жеткізіледі. Спектакльдің сюжеті қарапайым қазақ отбасының өмірі туралы баяндайды және дәстүрлі отбасының өмір салтындағы әйелдер тағдыры мәселесін көтереді. Қойылымның орталық идеясы оның атауында астарланған – адам жанының жоғары ұмтылыстарын, жақынына деген құрметті, отбасылық ошақтағы бақыт пен сүйіспеншілікті қолда барда асыл тастай қорғау қажет дегенді білдіреді.
Мұндай тәрбиелік іс-шаралар болашақ судьялардың гуманистік дүниетанымын, адамның қадір-қасиетіне құрметпен қарау және күрделі өмірлік жағдайларға тереңірек үңілу қабілетін қалыптастыруға ықпал етеді. Кейіпкерлердің тағдыры арқылы магистранттар отбасының құндылығын, өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілікті, басқа адамның сезімін аялау қажеттігін түсінуге мүмкіндік алды. Алынған мәдени-ағартушылық тәжірибе эмоционалды мәдениет пен эмпатияны дамытуға ықпал етеді, ол сот төрелігін кәсіби біліммен қатар әділдік, адамның құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеу принциптерін ескере отырып жүзеге асыруға машықтанған болашақ судьяның тұлғалық бейнесін қалыптастыру үшін маңызды.