Сот төрелігі академиясының өкілдері дауларды баламалы шешу мәселелері бойынша тренингке қатысты

 

2026 жылғы 28–29 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының профессор-оқытушылар құрамы мен жұмыскерлері АҚШ Сауда министрлігінің Коммерциялық құқықты дамыту бағдарламасы (CLDP) өткізген «Дауларды баламалы шешу бойынша тренерлерді даярлау» атты екі күндік тренингке қатысты.

Тренинг Академия мен CLDP арасындағы ынтымақтастық аясында онлайн форматта өткізілді. Оның негізгі мақсаты – Академияның профессор-оқытушылар құрамының дауларды баламалы шешу саласындағы кәсіби құзыреттерін арттыру, сондай-ақ алынған білім мен оқу материалдарын Академияның судьяларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға арналған білім беру бағдарламаларына одан әрі енгізуге мүмкіндік жасау болды.

Екі күндік бағдарлама жеті жұмыс сессиясынан тұрды. Тренингтің бірінші күні дауларды баламалы шешудің негіздері, оның ішінде сараптамалық көмек, соттың  «сүзгі» функциясы  (judicial gatekeeping) және соттың дауларды баламалы шешудегі  түрлі рөлдері қарастырылды. Сонымен қатар медиацияға соттың жәрдемдесуі мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, медиация туралы келісім, дауды медиацияға сот арқылы жіберу, медиация процесі, татуласу келісімі, Сингапур конвенциясы, сот жанындағы медиация, дауды медиацияға міндетті және ерікті түрде жіберу, сондай-ақ халықаралық және өңірлік модельдер талқыланды.

Тренингтің екінші күні арбитражға соттың жәрдемдесуі мәселелеріне арналды. Қатысушылар арбитраждық келісім, арбитражға соттың қолдауы, төрешілерді тағайындау және оларға қарсылық білдіру, арбитраждық соттың юрисдикциясы, дәлелдемелер мен уақытша шаралар мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар арбитраждық шешімдер, трансұлттық сот диалогы, арбитраж туралы заңнаманы қолдану кезінде халықаралық арбитраждық шешімдер мен әртүрлі юрисдикциялардың сот практикасына жүгіну, сондай-ақ Judicial Dispute Resolution Network сияқты құрылымдардың рөлі талқыланды.

Тренингке Академияның Азаматтық-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының оқытушылары – Р.Р. Султанов, Е.О. Егембердиев, Т.Б. Досаев және А.А. Асылбекова, Академияның Мемлекеттік-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының оқытушысы –  А.Е. Нұртан, зерттеу және халықаралық жобалар үйлестірушісі Н.Д. Мұратбек қатысты.

Тренингті өткізу Академия мен CLDP арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудағы кезекті қадам болып, дауларды баламалы шешу саласында судьяларды даярлау және олардың кәсіби біліктілігін арттыру жөніндегі Академияның әлеуетін нығайтуға бағытталды.

Жоғарғы Сот Кеңесі Қазақстан Республикасы
ЖОҒАРҒЫ СОТ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
Астана қалалық соты
Ғылыми өмір
Ақылы курстар
Сертификатты тексеру
Академия логотипі

© Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы, 2024