Республики Казахстан


Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің баспаханасынан «Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы. Ерекше бөлім (11-19 тараулар)» оқулығының екінші томы басылып шықты. Басылымның жауапты редакторлары – з.ғ.д., профессор Қ.Ж. Балтабаев және з.ғ.к., қауымдастырылған профессор, Сот төрелігі академиясының қылмыстық-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының профессоры А.А. Биебаева.
Қылмыстық құқық саласында маманданған отандық және ресейлік ғалымдардан тұратын авторлық ұжым дайындаған оқулық Қазақстан Республикасының 2014 жылғы Қылмыстық кодексінің қолданыстағы редакциясының негізінде жазылған. Басылым заңгер мамандарды дайындайтын жоғары оқу орындарының білім алушылары (бакалавриат, магистратура, докторантура) мен оқытушыларына арналған.
Заманауи заң әдебиетін қазақ тілінде жариялау – білім алушыларды оқу материалдарымен қамтамасыз ету мәселесі ғана емес, бұл – құқықтық білім беруді дамытудағы және кәсіби заң саласында мемлекеттік тілді нығайтудағы маңызды қадам. Сапалы оқулықтар мен оқу құралдары білім алушыларға қазақ тілінде күрделі құқықтық категорияларды меңгеруге мүмкіндік береді және сонымен бірге қазіргі заманғы кәсіби заң тілін қалыптастырады.
Сот төрелігі Академиясы үшін бұл – қазақ тілін заңгерлерді оқытудың, ғылымның және кәсіби қарым-қатынастың қалыпты тіліне айналдыратын толыққанды білім беру ортасын құру мүмкіндігі. Қазақ тілінде сапалы заң әдебиеті неғұрлым көп шығарылса, мемлекеттік тілде сот төрелігін сенімді түрде жүзеге асыра алатын судьялардың жаңа буынын даярлаудың іргетасы соғұрлым берік болады.