








Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясында «Конституциялық реформа шеңберінде құқықтық мәтіндерге сараптама жүргізу және оларды аудару: жасанды интеллект пен цифрлық корпустарды пайдаланудың мүмкіндіктері мен тәуекелдері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Талқылауға Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институты бастамашы болып, бір алаңға мемлекеттік органдардың, академиялық қауымдастықтың өкілдерін, сондай-ақ заң лингвистикасы мен цифрлық технологиялар саласындағы бейінді сарапшыларды біріктірді.
Талқыланатын мәселелер ел Президентінің нормашығармашылық қызметті цифрлық трансформациялау саласында белгілеген міндеттері контекстінде ерекше өзектілікке ие. Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында Президент: «Заң шығару қызметінің сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту үшін жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған жөн», – деп атап өтті.
Дөңгелек үстел аясында сарапшылар нормативтік құқықтық актілер мен халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеу, редакциялау және аудару кезінде нейрожелілер мен жасанды интеллект алгоритмдерін қолдану мүмкіндіктерін қарастырды. Талқылаудың негізгі назарында қазақ және орыс тілдеріндегі құқықтық құжаттардың түпнұсқалық сәйкестігін қамтамасыз ету, заң терминологиясын біріздендіру және Қазақстан мен шетелдердің озық тәжірибесіне сүйене отырып, бейінді цифрлық ресурстарды дамыту мәселелері болды.
Сарапшылық сессияның модераторы ретінде Заңнама және құқықтық ақпарат институты директорының бірінші орынбасары, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Оңғарбаев қатысты.
Сот төрелігі академиясының базасында осындай ғылыми-практикалық талқылауларды өткізу Мемлекет басшысының судьялар корпусын сапалық тұрғыдан жаңарту және нығайту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Академияны жүйелі жаңғыртудың бір бөлігі болып табылады.