





Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясында Кеңес Төрағасы Дмитрий Малаховтың магистранттармен кезекті кездесуі өтті. Іс-шара оның бастамасымен іске асырылып жатқан «Ашық Кеңес: болашақ судьялардың көзқарасы» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Диалогтың негізгі тақырыбы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы бекіткен Академияны дамыту тұжырымдамасында көзделген басты бастамалардың бірі – Сот төрелігі академиясының Түлектер қауымдастығын құру болды.
Кездесуге қатысушылар бұл қадамның әр жылдардағы түлектерді, қазіргі судьяларды және болашақ судьялар корпусының өкілдерін біріктіретін тұрақты кәсіби қоғамдастық қалыптастыру үшін уақтылы қолға алынған бастама екенін атап өтті.
Магистранттар болашақ ұйымның жұмысына белсенді қатысуға дайын екендерін білдіріп, оны дамыту жөнінде өз ұсыныстарын ортаға салды.
Басым бағыттар ретінде кәсіби кездесулер ұйымдастыру, практикалық тәжірибе алмасу, ғылыми-практикалық іс-шаралар өткізу, бірлескен жобаларды іске қосу және тәлімгерлік институтын дамыту айқындалды.
Қатысушылардың ортақ пікірінше, жаңа алаң оқу аяқталғаннан кейін іскерлік байланыстарды сақтап қана қоймай, үздіксіз кәсіби өсуге және сот жүйесіндегі ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға жағдай жасайды.
Өткен талқылау Академияны дамыту тұжырымдамасында көзделген реформалардың жоғары сұранысқа ие екенін, сондай-ақ білім алушылардың оларды іс жүзінде жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.
«Ашық Кеңес: болашақ судьялардың көзқарасы» жобасы тікелей байланыстың тиімді арнасы ретіндегі рөлін жалғастырып, басшылыққа стратегиялық шешімдер қабылдау кезінде болашақ судьялардың бастамаларын ескеруге мүмкіндік беруде.