«Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг): заңнаманы қолдану практикасы» тақырыбындағы ғылыми-практикалық семинар

2025 жылғы 30 сәуірде ҚР Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясында «Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг): заңнаманы қолдану практикасы» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өтті. Іс-шараны Академияның ғылыми-зерттеу жұмысының жоспарына сәйкес Мемлекеттік- құқықтық пәндердің Ғылыми-білім беру орталығының директоры Т.С. Нұрышева ұйымдастырды.

Семинар гибридті форматта – офлайн және онлайн режимінде өтті. Оның жұмысына ғалымдар, судьялар, ҚР ІІМ Астана қаласы полиция департаментінің өкілдері, Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы және магистранттар қатысты.

Семинар аясында кәмелетке толмағандар арасындағы жәбірлеудің өзекті құқықтық және әлеуметтік аспектілеріне арналған баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, Астана қаласы Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әділбек Ілиясұлы Дүйсебаев «Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу және кибербуллинг: сот практикасы мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, осы әкімшілік құқық бұзушылықты саралау ерекшеліктерін атап өтті, әрі сот практикасында қолданылатын қазақстандық заңнама нормаларын талдады. Сонымен қатар, ол Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған осы санаттағы істердің саны туралы деректерді келтіріп, өз ұсынымдарын берді.

Спикер Айгүл Қуанышбайқызы Рақышева, экономика ғылымдарының кандидаты, Гуманитарлық-техникалық академияның доценті, отбасылық және гендерлік саясат саласындағы сарапшы, «Жасөспірімдер ортасындағы буллинг және кибербуллинг» тақырыбындағы баяндамасында кәмелетке толмағандар арасында жәбірлеудің алдын алу мен оған қарсы іс-қимылдың халықаралық және қазақстандық тәжірибесіне салыстырмалы талдау жасады. Сондай-ақ буллинг және кибербуллинг, ата-аналардың цифрлық сауаттылығы бойынша әлеуметтік зерттеулердің деректерін келтірді, буллингке тап болған жасөспірімнің әлеуметтік-психологиялық портретін сипаттады, Қазақстанда бар негізгі проблемаларды айқындады және тиімді халықаралық тәжірибелерге негізделген бірқатар ұсыныстарды берді.

Академия магистранты, спикер Зәуре Аманжолқызы Оразаева «Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг): түсінігі және алдын алу шаралары» тақырыбында баяндама жасау арқылы, бұл құбылыстың пайда болуы мен таралуына әсер ететін көптеген факторларды қамтитын балалар мен жасөспірімдер арасындағы агрессивті мінез-құлықтың қалыптасуы және даму процесі ретінде жәбірлеу генезисінің негізгі аспектілерін ашты.

Өткізілген семинар тақырыптың өзектілігін, кәмелетке толмағандарды жәбірлеу мен кибербуллинг мәселелерін одан әрі ғылыми және практикалық зерттеу қажеттілігін көрсетті. Ғылыми қоғамдастықтың, мемлекеттік органдардың, судьялар корпусының өкілдері мен магистранттар халықаралық тәжірибені де, қазақстандық шындықты да ескере отырып, кәмелетке толмағандар арасында буллинг және кибербуллинг жағдайларына құқықтық және профилактикалық ден қоюдың тиімді тетіктерін әзірлеу үшін күш-жігерді біріктірудің маңыздылығы туралы ортақ пікірге келді.

Жоғарғы Сот Кеңесі Қазақстан Республикасы
ЖОҒАРҒЫ СОТ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
Астана қалалық соты
Ғылыми өмір
Ақылы курстар
Сертификатты тексеру
Академия логотипі

© Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы, 2024