Қабылдау телефон нөмірі
2025 жылғы 16 мамырда Сот төрелігі академиясының Қылмыстық-құқықтық пәндердің Ғылыми-білім беру орталығының профессоры Ардақ Биебаева Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» жаңа заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді талқылауға арналған отырысының жұмысына қатысты. Бірдей немесе жақын реттеу пәні бар қолданыстағы бес заңды шоғырландыратын заң жобасын талқылауға Қоғамдық палата мүшелерімен қатар заң жобалары жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Профессор Ардақ Биебаева өз сөзінде егжей-тегжейлеу және нақтылау мүмкіндігін басқа нормативтік құқықтық актілерге (заңдарға да, заңға тәуелді актілерге де) бере отырып, құқық бұзушылықтардың профилактикасы саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің негізгі ережелерін, қағидаттары мен шекараларын тұжырымдайтын негіздемелік заң қабылдау идеясына оң баға берді. Сондай-ақ, ғалым құқық бұзушылықтардың профилактикасы субъектілерінің шеңбері туралы өзінің сараптамалық пікірін білдірді; қорғаныс нұсқамасы түріндегі құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шарасын қолдану негізін нақтылау қажеттілігін көрсетті; кәмелетке толмағанды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберу түріндегі тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шарасының мерзімдерін ұлғайтудың орындылығына күмән келтірді.