

























Астанада Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің 10 жылдығына арналған Түркі сот-құқықтық даярлық желісінің Халықаралық форумының екі күндік аяқталды.
Түркі мемлекеттерінің сот-құқықтық білім беру желісі 2022 жылы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің судьяларды даярлау жөніндегі мекемелері арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға сәйкес құрылды.
«Адам құқықтарын қорғау және тиімді сот төрелігі: ұлттық дәстүрлер мен халықаралық стандарттардың теңгерімі» тақырыбындағы форум судьяларды даярлау мен іріктеудің заманауи тәсілдерін талқылайтын алаңға айналды.
Форум жұмысына Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан делегациялары, мемлекеттік органдар мен сот жүйесінің өкілдері, Парламент депутаттары, заңгерлік қауымдастық, ғалымдар және халықаралық сарапшылар қатысты.
Қатысушылар Түркі желісіне мүше елдердің судьяларды даярлау саласындағы бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті: тұрақты тәжірибе алмасу, білім беру стандарттарын үйлестіру және ортақ бастамалар сот жүйесіне деген сенімді арттырып, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға серпін береді.
Форум бағдарламасы судьяларды даярлаудың практикалық аспектілеріне, іріктеу тетіктерін жетілдіруге және түркі елдеріндегі судья кадрларының біліктілігін арттыруға арналды.
Қатысушылар Қазақстанның іріктеу, біліктілік талаптарын арттыру және судьялардың кәсіби қасиеттерін бағалаудың нақты критерийлерін енгізу мәселелеріндегі тәжірибесі түркі желісі елдері арасында сұранысқа ие тәжірибе болып табылатынын атап өтті.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар білім беру стандарттарын дамытуға, сот институттарына деген сенімді нығайтуға және халықаралық әріптестікті кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды жалғастыруға дайын екендіктерін растады.