Сот төрелігі академиясының магистранттары АХҚО Соты мен Арбитражында көшпелі сабаққа қатысты

Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттары АХҚО Соты мен АХҚО Халықаралық арбитраж орталығы базасында ұйымдастырылған көшпелі оқу сабағына қатысты.

Көшпелі сабақ Азаматтық-құқықтық пәндер ғылыми-білім беру орталығының профессор-оқытушылар құрамы – Е.О. Егембердиев, Т.Б. Досаев және Р.Р. Султанов – тарапынан «Азаматтық істердің жекелеген санаттарын қарау ерекшеліктері» және «Соттардың халықаралық жеке құқықтың коллизиялық нормаларын қолдану практикасы» пәндері аясында ұйымдастырылды.

Сапар барысында магистранттар аталған институттардың құқықтық мәртебесімен, юрисдикциясымен және қызмет регламентімен танысты. Сондай-ақ азаматтық және коммерциялық дауларды қараудың процестік тетіктері, халықаралық қаржы юрисдикциясы шеңберінде құқық нормаларын қолдану ерекшеліктері түсіндірілді.

Іс-шара аясында статистикалық деректер де ұсынылды. Магистранттарға азаматтық әрі коммерциялық даулар бойынша келіп түскен өтініштер саны, қаралған істер және орындалған шешімдер туралы мәліметтер таныстырылып, аталған институттардың қызмет тиімділігіне талдау жасауға мүмкіндік берілді.

АХҚО Соты мен Арбитражының қызметін зерделеу болашақ судьялардың теориялық білімін тереңдетуге және сот төрелігінің түрлі модельдерін салыстырмалы тұрғыдан түсінуге ықпал етеді. Алынған тәжірибе азаматтық және коммерциялық дауларды шешу саласындағы кәсіби құзыреттерді дамыту үшін маңызды.

Сот төрелігі академиясы сот практикасы мен теорияның сабақтастығын қамтамасыз ететін тәжірибеге бағытталған оқыту нысандарын одан әрі дамытуда.

Жоғарғы Сот Кеңесі Қазақстан Республикасы
ЖОҒАРҒЫ СОТ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
Астана қалалық соты
Ғылыми өмір
Ақылы курстар
Сертификатты тексеру
Академия логотипі

© Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы, 2024