Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының магистратурасында «7М04201 – сот және сот төрелігі» білім беру бағдарламасы шеңберінде оқыту тәжірибеге бағдарланған болып табылады.
Академиялық күнтізбеге сәйкес болашақ судьяларды даярлау теориялық бөлімнен тұрады, оның барысында оқу пәндерін зерделеу жүзеге асырылады, сондай-ақ практикалық бөлімді қамтиды, оның аясында білім алушы сот істері мен материалдарын қарау бойынша кәсіби білімдер мен дағдыларға ие болады.
2024 жылғы 04 қараша мен 2025 жылғы 03 қаңтар аралығында Сот төрелігі академиясының магистранттары Астана қаласының соттарында кәсіптік практикадан өтуде.
Кәсіптік практика оқыту процесінде алынған теориялық білімдерді практикада бекіту, кеңейту және тереңдету, практикалық қызмет үдерісінде теориялық білім мен құқықтық нормаларды қолдану дағдыларын қалыптастыру, болашақ кәсіби қызметте табысты қолдану үшін қажетті дағдылар, құзыреттер мен тәжірибеге ие болу мақсатында жүргізіледі.
Магистранттардың кәсіптік практикадан өтуін бақылауды жүзеге асыру және оларға әдістемелік көмек көрсету мақсатында Сот төрелігі академиясынан және практика базасынан жетекшілер тағайындалды.