









Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов Сот төрелігі академиясының магистранттарымен «Қазақстан Республикасының конституциялық дамуының жаңа моделі» тақырыбында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын жария талқылауға арналған кездесу өткізді.
Диалог барысында 2026 жылғы конституциялық реформа мемлекеттік дамудың стратегиялық кезеңі болып табылатыны, оның саяси жүйені жетілдіруге және конституциялық қағидаттарды нығайтуға бағытталғаны атап өтілді.
Болашақ судьяларға арнаған сөзінде Д.М. Малахов: «Жаңа Конституция – бұл ең жоғары заңдық күші бар акт әрі сот төрелігінің негіздерін және оның даму бағыттарын айқындайтын қоғамдық келісім. Бүгін қаланған қағидаттар сіздердің болашақ кәсіби жауапкершіліктеріңізге тікелей қатысты», – деп атап өтті.
Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының Мемлекеттік-құқықтық пәндер ғылыми-білім беру орталығының профессоры, заң ғылымдарының докторы Л.С. Жақаева және Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының Қылмыстық-құқықтық пәндер ғылыми-білім беру орталығының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты А.А. Биебаева баяндама жасады.
Талқылауға Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен магистранттары қатысып, реформаның теориялық және практикалық аспектілеріне сараптамалық баға берді, конституциялық құрылыстың дамуы мен сот билігінің рөлі жөніндегі өз көзқарастарымен бөлісті және жаңа Конституция жобасын бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді.