Қабылдау телефон нөмірі
2025 жылғы 19 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Қазіргі қоғамдағы нотариат: конституциялық кепілдіктер мен уақыттың сын-тегеуріндері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Республикалық нотариаттық палатасы ұйымдастырды.
Конференцияны құттықтау сөздермен: Конституциялық Соттың төрайымы Э. А. Азимова, Жоғарғы Соттың төрағасы А. А. Мерғалиев, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Д. М. Малахов, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы С. В. Имашева, Әділет вице-министрі Б. Ш. Жакселекова, Maqsut Narikbayev University провосты, з. ғ. к., доцент С. Г. Пен ашты.
Конференция жұмысына Ресей Федерациясы, Әзербайжан Республикасы, Беларусь Республикасы, Венгрия, Қырғыз Республикасы, Мексика, Түркия Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Черногория елдерінің нотариаттық палаталарының халықаралық делегациялары, сонымен қатар Қазақстанның нотариустары мен оқу орындарының өкілдері қатысты.
Конференция барысында құқықтық жүйенің трансформациясы жағдайында нотариат институтын дамыту, азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, нотариаттық қызметті цифрландыру, жаһандану жағдайында нотариат институтын бейімдеу мәселелері талқыланды.
«Сот төрелігі жүйесін жетілдірудегі нотариат институтының рөлі» тақырыбында Сот төрелігі академиясының Академиялық бағдарламалар мен жобалар орталығының зерттеу және халықаралық жобалар жөніндегі үйлестірушісі Г. Такишева баяндама жасады.
Өз баяндамасында спикер нотариатты құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сот жүктемесін азайтуға және азаматтық айналымда құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу (превентивті) сот төрелігінің маңызды буыны ретінде атап өтті. Нотариат қызметінің тиімділігі қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен құқықтық жүйеге сенімді нығайтуға ықпал ететіні айтылды.