
«Айқын» республикалық газетінде Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Михайлович Малаховтың «Кәсіби судья – сот төрелігіне деген сенімнің негізі» атты авторлық мақаласы жарияланды
Мақалада сот төрелігінің сапасын қамтамасыз етудің, сот билігінің тәуелсіздігін нығайтудың және қоғамның сотқа деген сенімін арттырудың маңызды стратегиялық факторларының бірі ретінде сот білімін дамыту мен судьяларды кәсіби даярлау жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттары жан-жақты баяндалған.
«Сотқа деген сенім – сот жүйесі тиімділігінің басты көрсеткіштерінің бірі. Оның негізінде судьялардың кәсібилігі, тәуелсіздігі және мінсіз беделі жатыр», – деп атап өтеді автор.
Мақалада Мемлекет басшысының тәуелсіз, кәсіби әрі жоғары білікті судьялар корпусын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің сот жүйесінің кадрлық саясатын жетілдірудегі стратегиялық рөліне ерекше назар аударылған.
2024 жылы Сот төрелігі академиясының Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына берілуі судьяларды даярлау, іріктеу және олардың үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ететін біртұтас жүйені қалыптастыруға мүмкіндік берген сот жүйесін институционалдық тұрғыдан дамытудың маңызды кезеңі болғаны атап өтіледі. Сонымен қатар, 2025–2027 жылдарға арналған Сот төрелігі академиясын дамыту тұжырымдамасы таныстырылып, онда кадрлық резервті қалыптастырудан, біліктілік іріктеуінен бастап, қызметтегі судьялардың біліктілігін арттыру мен сот төрағаларының басқарушылық құзыреттерін дамытуға дейінгі кәсіби жолдың барлық кезеңінде судьяны кешенді қолдау көзделген.
Мақалада сот білімі беру саласында жүзеге асырылып жатқан реформалар кеңінен баяндалады. Атап айтқанда, жеке білім беру траекторияларын енгізу, судья лауазымына біліктілік емтиханына үміткерлерді даярлауға арналған референдиат институтын іске қосу, сот төрағаларын оқыту бағдарламаларын жетілдіру, сондай-ақ заң қоғамдастығы өкілдеріне арналған білім беру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қамтылған. Мұндай кешенді тәсіл бірыңғай кәсіби ортаны қалыптастыруға, заманауи құқықтық мәдениетті дамытуға және заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Кеңес Төрағасы атап өткендей, жүргізіліп жатқан реформалардың түпкі мақсаты – азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауды қамтамасыз ету. Судьялардың кәсіби дамуына салынған инвестиция – бұл сот төрелігінің сапасына, заң үстемдігін нығайтуға және қоғамның сот билігіне деген сенімін одан әрі арттыруға салынған инвестиция. Ал сотқа деген жоғары деңгейдегі сенім құқықтық мемлекеттің кемелдігінің маңызды көрсеткіші әрі Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі алғышарттарының бірі болып қала береді.