Академияның өкілдері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен Симпозиумда баяндама жасады

2026 жылғы 28-29 қыркүйекте Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бастамасымен және серіктес ұйымдардың қолдауымен «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуірінде ғылыми трансформация» атты ІІІ Халықаралық симпозиум өтті. 

Іс-шараның «Жаңа Конституция: қазақ тіліндегі құқықтық дискурс, ғылыми жарияланымдар және цифрлық трансформация» атты 4-секциясында ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының өкілдері баяндама жасады.  

Атап айтқанда, Мемлекеттік-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының директоры, заң ғылымдарының кандидаты Т.С. Нұрышева «ҚР Конституциясы негізінде заң ғылымы мен сот практикасын интеграциялаудағы ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының рөлі» тақырыбында сөз сөйледі. Спикер өз сөзінде Академияның озық ғылыми зерттеулер мен мамандандырылған білім берудің тоғысында сот жүйесі үшін кадрларды мақсатты түрде даярлайтын бірегей орталық екеніне тоқталды. Сонымен қатар Академияның конституциялық заңнамада бекітілген ерекше құқықтық мәртебесі іргелі заң ғылымдары мен соттардың практикалық қызметі арасындағы үзілмейтін байланысты қамтамасыз ететін институционалдық негіз екенін атап өтті. 

Азаматтық-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының доценті, PhD А.А. Асылбекова «Цифрлық дәуірдегі қазақ тіліндегі құқықтық ғылыми дискурс: «Сот төрелігі академиясы Хабаршысының» жариялау қызметінің ерекшеліктері» тақырыбындағы баяндамасында 2025 жылы жаңартылған журналдың Open Journal Systems платформасына көшуі, мақалаларды электрондық қабылдау, түпнұсқалықты тексеру және DOI цифрлық идентификаторын беру тетіктерін енгізу ғылыми жарияланымдардың сапасы мен ашықтығын арттырғанын сөзге тиек етті. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көретін басылым ғылым, сот практикасы және құқықтық білім беру арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ қазақ тіліндегі құқықтық ғылыми еңбектердің отандық және халықаралық ғылыми кеңістіктегі аясын кеңейтуге бағытталғанына назар аударды.  

Халықаралық симпозиум аясында Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы әзірлеген соңғы басылымдар (монография, оқу-практикалық және оқу-әдістемелік құралдар), сондай-ақ «Сот төрелігі академиясының Хабаршысы» ғылыми журналының жаңа нөмірлері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кітапхана қорына сыйға тартылды. 

Өткізілген халықаралық симпозиум қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі мәртебесін даусыз аксиомаға айналдырған бірегей алаң болды. 

Жоғарғы Сот Кеңесі Қазақстан Республикасы
ЖОҒАРҒЫ СОТ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
Астана қалалық соты
Ғылыми өмір
Ақылы курстар
Сертификатты тексеру
Академия логотипі

© Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы, 2024