


















Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының магистратурасының түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шараға Кеңес мүшелері, Кеңес Аппаратының қызметкерлері, Сот төрелігі академиясының басшылығы, профессорлық-оқытушылық құрамы және қызметкерлері қатысты.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Михайлович Малахов түлектерге құттықтау сөз сөйлеп, еліміз үшін сапалы құқықтық білім берудің стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол бұл бітіру мерейтойлық болып табылатынын және Сот төрелігі академиясының тарихында ерекше орын алатынын, магистр дәрежесін алу білім берудің маңызды кезеңінің лайықты аяқталуы ғана емес, сонымен қатар түлектердің өзін заңға, әділеттілікке және қоғамның мүдделеріне қызмет етуге арнауға дайындығы туралы куәлік болып табылатынын атап өтті.
2026 жылы Сот төрелігі академиясы өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бір айта кетерлігі, 2025 жылдан бастап магистратура түлектеріне дипломдарды Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы салтанатты түрде табыстап келеді. Бұл игі дәстүрге айналып, Кеңестің болашақ судьяларды даярлау ісіне ерекше мән беретінін айқын көрсетеді.
Түлектерге ізгі тілектерін сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Е.Ж. Айтжанов, Кеңес Аппараты басшысының орынбасары Л.С. Құрмантаева және Сот төрелігі академиясының ректоры Қ.Қ. Мусин жеткізді.
Түлектер атынан сөз сөйлеген Д.М. Бикадамова мен Е.С. Тоқсанбай Академия басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамына сапалы білім мен жоғары деңгейдегі кәсіби даярлық бергені үшін алғыстарын білдірді.
Кәсіби, құзыретті және тәуелсіз судьяларды даярлау сапалы сот төрелігін қамтамасыз етудің және азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Осыған байланысты Сот білімін дамыту елдің сот жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыты болып қала береді.
Сот төрелігі академиясы судьялыққа кандидаттарды даярлауды, қазіргі судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ететін ерекше мәртебесі бар жалғыз жоғары оқу орны болып табылады. 2025 жылы Академия мемлекеттік білім беру стандарттарына толық сәйкестігін растай отырып, алғаш рет мемлекеттік аттестаттаудан сәтті өтті.
Ағымдағы жылы магистратураның білім беру бағдарламасы бойынша оқуды 88 магистрант сәтті аяқтады. Академия түлектерін даярлаудың жоғары сапасы біліктілік емтиханының нәтижелерімен расталады, оны 2026 жылы түлектердің 95,5% сәтті тапсырды.
Академияның басты ерекшелігі – барлық сот сатыларындағы қолданыстағы судьялардың қатысуымен жүзеге асырылатын тәжірибеге бағдарланған білім беру үдерісі. Академияда магистратурадан бастап докторантураға дейінгі толық білім беру жүйесі қалыптастырылған, заманауи білім беру технологиялары, соттардағы практика, оқытуды басқарудың цифрлық жүйесі және криминалистикалық полигон енгізілген.
Іске асырылып жатқан барлық қайта құрулар басты мақсатқа – судья кадрларын даярлау сапасын арттыруға және Қазақстан Республикасы сот жүйесінің кадрлық әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған.
Сот төрелігі академиясының магистратура түлектерін оқудың сәтті аяқталуымен құттықтаймыз және сот төрелігіне қызмет ету жолында одан әрі кәсіби жетістіктер, даналық пен табыс тілейміз.