






Қарағанды облыстық сотында Жоғары Сот Кеңесінің ұйымдастыруымен сот жүйесі қызметкерлерімен көшпелі кездесу өтті
Іс-шараға Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, облыстық және жергілікті соттардың судьялары, сондай-ақ сот жүйесінің қызметкерлері қатысты.
Кездесуді аша отырып, Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ғалым Күлекеев кәсіби, білікті әрі тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, сот жүйесі қызметкерлерін судья лауазымына орналасу мүмкіндіктері туралы ашық ақпараттандырудың қажеттігін атап өтті.
Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Самат Кененбаев Кеңес қызметінің негізгі бағыттары мен оның сот жүйесіндегі мемлекеттік кадр саясатын іске асырудағы рөлі туралы баяндады. Сонымен қатар конкурстық іріктеу тәртібі, кадр резервін қалыптастыру, кандидаттарға қойылатын талаптар және қолданыстағы конкурстық рәсімдердің ерекшеліктері жан-жақты түсіндірілді.
Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ақмарал Исаева біліктілік емтиханынан өту тәртібін, оның негізгі кезеңдері мен бағалау өлшемдерін егжей-тегжейлі түсіндірді, сондай-ақ, судьялық этика мен тәртіптік жауапкершілік мәселелеріне назар аударып, кәсіби стандарттарды сақтау қоғамның сот билігіне деген сенімінің негізі болып табылатынын атап өтті.
Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының Азаматтық-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Руслан Сұлтанов қатысушыларды Академияның қызметімен, іске асырылып жатқан білім беру бағдарламаларымен және болашақ судьяларды даярлаудың қазіргі заманғы тәсілдерімен таныстырды.
Мұндай бастамаларды іске асыру Жоғары Сот Кеңесінің кадрлық рәсімдердің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, олардың қолжетімділігін арттыру және судьялар корпусын қалыптастырудың әділ әрі ашық тетіктерін жетілдіру бағытындағы жүйелі жұмысының айқын көрінісі болып табылады.