
«Юридическая газета» газетінде Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Михайлович Малаховтың судья кадрларын даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін ауқымды жаңғыртуға арналған «Тиімді сот төрелігінің негізі» атты мақаласы жарияланды.
Мақалада судьялардың кәсіби дамуы бүгінде практикалық дағдыларды жетілдіруге, құқықтық білімді өзектендіруге және әдеп стандарттарын нығайтуға бағытталған үздіксіз процесс ретінде қарастырылатыны атап өтіледі.
Институционалдық өзгерістердің негізгі бағыттарының бірі – 2024 жылы Сот төрелігі академиясының Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына берілуі және оны дамытудың 2025–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының бекітілуі болды.
Тұжырымдаманы іске асыру аясында жеке оқыту бағдарламалары енгізіліп, сот төрағаларын мамандандырылған қайта даярлау жүзеге асырылуда, сондай-ақ заңгерлер қауымдастығы үшін қосымша білім беру мүмкіндіктері кеңейтілуде. Озық халықаралық тәжірибе мен ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескере отырып, судьялыққа әлеуетті кандидаттарды сапалы даярлауға мүмкіндік беретін референдиат институтын енгізуге ерекше мән берілуде.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы жүйелі реформалардың басты мақсаты азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сенімді қорғауды қамтамасыз ету болып қала беретінін атап өтті.
Мақаланың толық мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады: https://zanmedia.kz/osnova-effektivnogo-pravosudiya/163146/