


Ұлттық зияткерлік меншік институты (Qazpatent) базасында зияткерлік меншік (ЗМ) саласында білікті тренерлер даярлауға арналған бес күндік оқыту тренингі басталды. Игі шараны Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗҰЫ) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары комитетімен бірлесіп ұйымдастырды.
2026 жылғы 28 қыркүйек бен 2 қазан аралығында өтетін тренинг бағдарламасы ЗМ саласындағы құқық қолдану практикасын оқытудың озық білімі мен әдістемелерін меңгерген ұлттық тренерлер пулын қалыптастыруға бағытталған.
Оқуға әділет органдарының қызметкерлері, патенттік сенімді өкілдер, корпоративтік заң кеңесшілері, сондай-ақ академиялық қоғамдастық өкілдері қатысуда. Ерекше атап өткенде, тренингке Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясынан профессорлар, заң ғылымдарының кандидаттары Е.О. Егембердиев пен Р.Р. Сұлтанов қатысуда. Жетекші ғалым-заңгерлердің қатысуы ДЗҰЫ халықаралық стандарттарын судьялар корпусын даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламаларына интеграциялауға мүмкіндік береді.
ДЗҰЫ тарапынан көрсетілетін қолдау қазақстандық мамандарға халықаралық стандарттарды, заманауи оқыту әдістемелерін және зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғаудың практикалық тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік береді. Дайындалған тренерлер құқық иеленушілер, судьялар мен бизнес-қоғамдастық үшін білім беру бағдарламалары мен тренингтер өткізуді әрі қарай жалғастыратын болады.